Мінез бітістері



Адам мінезі сан алуан. Бұл іс-әрекетте айқын көрінеді: біреудің барша қимылы - шапшаң, екінші - асықпайды, бірақ ісі тыңғылықты; үшінші - іске ойланбастан асыла салады, кейін барып ойланады, жағдайға қарай ісін ретіне келтіреді. Адам мінезінде көрінетін мұндай ерекшеліктер - мінез бітістері деп аталады. Қандай да бітіс - әрекет-қылықтың тұрақты, қайталанып отыратын нақты белгісі.

Мінездің бітістері мен сипатын белгілі қылықтың нақты оқиғаға байланысты болуынан да білуге болады, яғни белгілі бітістің көріну мүмкіндігі неғұрлым жоғары болса, ол адам мінезінің тұрақты белгісі ретінде танылады.

Мінез бітістерінің қалыптасуын әрекет-қылық мотивтерінен айыра қарауға болмайды. Қандай да қылық мотиві әрекетте іске аса отырып, мінезде бекиді. Әрқандай мәнді, тұрақталған мотив болашақ мінез бітісі. Мінез бітістері мотивте алғашқыда ниет түрінде көрініп, ал кейін оны әрекет тұрақты қасиет- ке айналдырады. Осыдан қандай да мінез бітістерін қалыптастыру қажет қылық-әрекет мотивтерін түзіп, олар-ды бекітуге арналған іс-әрекеттерді ұйымдастырудан басталады.

Мінездің жалпыланған қасиеттері өздерінің диалектикалық қарама-қарсылықтарында көрінеді: күшті - әлсіз, қатал - жұмсақ, тыңғылықты - өзара қайшы, кең - тар ж.т.б. Егер мінез күштілігі адамның алға қойған мақсатына жетудегі, кедергілерді жеңуіндегі қуатынан көрінсе, мінез әлсіздігі қорқақтықтан, ниет тұрақсыздығынан, т.б. байқалады. Мінез қаталдығы өжеттік, тайсалмастықпен байланысты, ал жұмсақтықтан адам икемшіл, орнымен шегінеді, келісім жолдарын табуға ұмтылады. Мінездің тыңғылықтылығы мен қайшылығы мінез бітістерінің ішіндегі жетекші және екінші деңгейлі қасиеттердің дәрежесімен анықталады. Қасиеттердің бәрі өзара үйлесімді келсе, тыңғылықты мінез, ал бір қасиет екіншісімен үндеспесе - қайшылықты мінез орнығады.

Сонымен бірге, адам мінезінің тұтастығы мен көп тараптылығы кейбір жағдайларда бір адамның өзінде де әрқилы, тіпті қарама-қарсы қасиеттердің болатынына шек келтірмейді. Адам бірдей өте нәзік мәдениетті болуымен бірге қатал талапшаң болуы мүмкін. Осыған қарамастан, оның мҢнезі сақталып, оның қырлары айқын көріне түседі.

Көп жағдайда мінезжәне темперамент салыстырылып түсіндіріледі, кейде бірінің орнына бірі қолданылады.

Мінез бен темперамент ұқсастығы адамның физиологиялық ерекшеліктеріне, яғни жүйке жүйесіне болған тәуелділіктен. Қандай да мінездің қалыптасуында белгілі жүйкелік сипатты темперамент үлкен маңызға ие. Сонымен бірге, темперамент жете дамығанда ғана мінез бітістері қалыптасады. Темперамент - мінез дамуына негіз. Мінездегі ұстамдылық - ұстамсыздық, қозғалғыштық - салғырттық ж.т.б. тікелей темпераментке байланысты. Бірақ мінез темпераментке бүтіндей тәуелді емес. Біргелкі темпераментке ие адамдарда әрқилы мінез белгілері болуы мүмкін. Темперамент ерекшеліктері қайсыбір мінезді дамытып, басқаларына шектеу қояды.

Мінезі тұрақталған адамда темперамент дербес әрекет көрінісі болудан қалып, мінез бітістеріне сай әрекет-қылықтардың іске қосылу динамикасын айыруға көмектеседі. Мінез және темперамент бітістері адамның біртұтас келбет-кейпінде өзара байланысқа түсіп, тұлға даралығының интегралды сипаттамасын береді.

Мінезбенерік арақатынасы өте тығыз. Осыдан көп жағдайда "мінезді адам" және "еркі күшті адам" сөз тіркестерін бір мәнде түсенеміз. Ерік, көбіне, мінез күшімен, қатаңдығымен, табандылығымен ж.т.б. байланысты. Адам мінезінің күштілігін айта отырып, ондағы еріктік сапалар мен мақсат беріктігін ескереміз. Бұл тұрғыдан адам мінезі ерік сапаларын қажет ететін қиын жағдайларда, үлкен кедергілерді жеңуде көрінеді.

загрузка...

Мінез ерекшеліктері адамның сезімдік процестерімен байланысты, әрі бұл байланыс өзара ықпалды. Бір тараптан, инабаттық, эстетикалық, интеллекттік сезімдердің даму деңгейі адамның іс-әрекеті мен қатынасына және бұлар негізінде қалыптасқан мінезге тәуелді. Екіншіден, осы сезімдердің өздері тұлғаға тән тұрақты ерекшеліктерге өтіп, адам мінезін құрайды. Борыш сезіну, әзілді көтеру, т.с.с. күрделі сезімдердің болуы жоғары да-мыған адамның сипатын танытады.

Адамның мінез бітістерінде ақыл-ой (интеллект) үлкен маңызға ие. Ой тереңдігі мен жүйріктігі, қалыптан тыс мәселелерді қоя біліп және оны дербес шешу, ой жұмысындағы ынта мен сенім - бәрі адам мінезінің ақылдық қорының белгісі. Ал осы ақыл қабілетін пайдалануда бағыт таңдау - тікелей мінезге байланысты. Тұрмыста ақыл­ға кенде емес, бірақ (мінез жарамсыздығынан) жарытып, ештеңе өндірмейтін адамдар аз емес.

Мінез құрастырушы көптеген қасиеттер біртұтас, олар даралап, шектеуге келе бермейді (өшпенділік, күдікшілдік, сақилық т.б.). Ал кейбір қасиеттер, мысалы, еріктік (жүректілік, дербестік т.б.), сезімдік (жайдарылық, көңілділік т.б.), ақыл-саналық (ой тереңдігі, сындарлық т.б.) адам мінездерінің ерекше құрамды бөліктері ретінде талдауға келеді. Барша мінез бітістері өзара заңдылықты байланысқан: батыр адам - сақи да табанды; ашық адам - жайдарлы, сенімді, достыққа тұрақты т.б.

4. Мінез түрлері мен типтері

Мінез түрі өзінің құрамындағы бітістердің жалпы сипатына тәуелді келеді, ал бітістер негізгі немесе жетекші және қосалқы болып бөлінеді. Негізгілері адамның бағыт-бағдарын айқындауға ықпалын тигізіп, яғни адамның тұрақты мінезінің сипатын береді де, қосалқылары мінез қырларын толықтыра түседі.

Адам мінезінің белгілі түрде қалыптасуы оның қоршаған дүниеге қатынасына байланысты. Бұл қатынастардың мәні адам араласып, байланысқа келген өмірлік объекттердің маңызымен анықталады:

1. Басқа адамдармен қатынасына қарай (шыншыл - өтірікші, әдепті - дөрекі т.б.).

2. Орындалатын іс қызметіне орай (еңбекқор - еріншек т.б.)

3. Өз басына болған қатынасына байланысты (сыншыл-өзімшіл т.б.).

4. Заттарға қатынасынан (сақи - ашкөз, ұқыпты - салақ т.б.).

Аталған қатынастардың бәрінің де мінез түрінің қалыптасуында үлкен маңызға ие екені сөзсіз, дегенмен тұрақты, нақты мінездің орнығуы ең алдымен адамның адаммен, қоғамға араласып, қатынасу дәрежесіне тәуелді. Ұжымнан тыс тұлғаның жолдастық, достық, махаббат, т.б. формаларда көрінетін ізгі ниеттерінен бөлек мінез түрі болмайды. Адамдар өзара ұзақ қатынасқа келе отырып, бірі екіншісінің мінезіне таңбасын салады, осыдан кей адамдар әрекет-қылығында өзара ұқсастыққа келеді немесе қарама-қарсы, бірақ бірінің кемшілігін екіншісі толықтыратын бі­тістерді игереді. Алайда, еңбек, іс-әрекет қатынастарын­да қалыптасқан мінез бітістері мәндірек келіп, мінез түрінің басқаларынан ажыралуына себепші болады.

Мінез әр тұлғада өзінше көрініске ие, солайда бол­са, оның құрамында белгілі топ адамдарына ортақ бітіс­терді біріктіруге болады. Осыдан, мінез түрі (типі) - адамдардың кейбір тобына тән қасиеттің біреудің дара мінезінде нақты көрінуі. Мұның түпкі себебі - мінез тума берілмей-ді, әр адамның белгілі топ, қоғам өкілі болуынан оның өмір жағдайы мен іс-әрекетіне сай қалыптасады.

Мінезде жеке бітістер және сапалармен қатар тұлғаның қоршаған ортаға икемдесуін қамтамасыз етуші жал­пы қылық тәсілі - мінез типтерін ажыртуға болады. Мінез типін анықтауда нақты адамдар мінезінің жалпы да мәнді, өмірлік қажетті тараптары ескеріледі.

Осыған орай мінез келесі типтерге бөлінеді:

1. Үйлесімді (гармонический) мінез типі - қорша-ған ортаға икемділігімен ерекшеленеді. Мұндай мінезді адамда ішкі қарама-қарсылықтар болмайды, ойлаған ойы мен істеген іс бір-біріне сай келеді. Көпшіл, ерік күші мол, қайсар, бір сөзді. Өмірдің барша қиын жағдайларында таңдаған бағыт-бағдарынан қайтпайды, көзқарас, талға­мын ауыстырмайды. Бұл адамдардың өмір сүру тәсілі жағ­дайға бағыну емес, оны өз қалауына орай өзгерту.

2. Іштей қарама-қарсылықты, бірақ сырттай келісімді (внутренне конфликтный, но внешне согласованный) мінез адамы. Бұл типті адамның ішкі ниеттері мен сырт әрекет - қылығы арасында келіспестік бола тұрып, өзінің қоршаған ортамен қатынасында әлеумет талаптарына ыңғай береді, іс-әрекетін соларға бағындырып, үлкен күшпен орындайды. Өзін ерік билігінен бірде босатпайды, жан, ой дүниесін сырттай болмыс шындығынан ажыратпаудың жол­дарын іздестіруге дайын тұрады.

3. Икемі кем, қарама-қарсылықты (конфликтный с пониженной адаптацией) мінез адамы: көңіл-күй, ниеттері мен әлеуметтік борыштары арасында үйлеспестік орын алған, шамданғыш, ұнамсыз эмоциялары басым, тілдесу қабілеті нашар дамыған, іс-әрекетін ақыл сарабына сала бермейді. Бұл мінез адамдарына тән қасиет: қоршаған дүниемен арақатынасын нақты әрекет-қылық жүйесіне келтірмеген, өмір желісі қарапайым бағытты - тез өзгеріп тұратын қажеттері, олар пікірінше, қандай да күш жұмса­май-ақ бір сәтте қанағаттандырылуы тиіс. Қиыншылықтарды абыржумен қабылдап, ырықсыз психологиялық қорғаныстармен (шарбаялық, қыңырлық, нәтижесіз армандау) айналып өтуге тырысады.

4. Тиянақсыз (вариативный) мінезді адам - бағыт-бағдарының тұрақсыздығынан, принциптік бостығынан төңіректегі жағдайға ыңғайшыл келеді. Жеке адамдық деңгейі төмен. Тұрақты мінез-құлығы қаланбаған, осыдан барша іс-әрекетінде қоршаған ортаға ыңғайлану, қатынас адамдарына жағымпаздану бұл адамның бойына сіңген мінездік көрініс.

5. Мінездік бітіс асқынуы

Мінездік бітіс асқынуы (акцентуация) психологияда - мінездің кейбір бітістерінің қалыптан тыс дамып, тұлға психикасының "әлсіз жерлері" формасында көрініс беруі. Мұндай да адам жалпы тұрақты қасиеттерге ие бола тұра, кейбір әсерлерге өте шәмшіл, шыдамсыз келеді. Асқынба мінез адамы қиын жағдайларда төзімділіктен айрылып, мінез-құлығының ақаулығын жасыра алмайды. Тұлғалық мінез асқынуына тап болған адам қоршаған орта әсерлеріне берілгіш, психикалық күйзеліске көп түседі. Егер жағымсыз әсерлер мінездің "әлсіз жерлеріне" соққы болып тиетіндей жағдай болса, адам қылығы күрт өзге-реді, мінездің шектен тыс дамыған бітістері адам билігіне ырық бермей, басқа ұнамды қасиеттердің бәрін жоққа шығарады. Кейбір адамдардың жәй әзіл немесе сын көтермеуі, екіншілердің - орынды, орынсыз тіке, шыншыл болуы - осы мінез бітісі асқынуының айқын мысалы. Мі-нездің мұндай ұнамсыз жәйті жасөспірім шақта қарқынды дамып, уақыт өтумен қалыпты күйге түсуі мүмкін, ал адамды қоршаған ұнамсыз жағдайлар басымдау болса, психикалық сырқаттарға тап қылады.

6. Мінездің ұлттық ерекшеліктері

Ұлттық мінез адамдардың тарихи қалыптасқан бірлестігі мен ірі топтары болып саналатын этностың, үлттың, халықтың өмір тіршілігі мен әлеуметтік жағдайының түтастығы арқылы танылады. Әрбір халық пен үлттың, этностың өзіндік мінез-құлықтарының ерекшеліктері болатындығы - тарихи шындық және объектив фактор. Қазақ халқының түркі тектес өзге халықтардан ерекшеленіп түратын өзіндік сипат-қасиеттері бар. Ыбрай Алтынсарин еңбек-терінде өз халқының мінез-қүлқына тән бірсыпыра қасиеттерді атап көрсеткенді. Оның анықтауынша, қазақ халқына қарапайымдылық пен кішіпейілдік, ашық-жарқын көңіл мен кеңпейілділік, өзге нәсілді адамдарға деген достық және сыйластық көзқарас, қонақжайлылық пен пайымшылдық сияқты қасиеттер тән. Сондай-ақ, олардың бойында өзге де мінез-құлық сипаттары бар. Бұл орайда, қазақ-тардың өз жері мен Отанына, туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігі, мал шаруашылығымен айналасуға икемді-лігі, меймандостығы мен балажандығы, өмірдің қиыншылықтары мен әділетсіз істерге төзімділігі, сөз өнерін ар-дақтауы, шешендік қабілеті, еңбексүйгіштігі мен шыдам-дылығы олардың жалпы ұлттық қасиеттері болып табылады. Әрбір ұлт пен ұлысқа, этнос пен тайпаға тән қа-сиеттердің жайжапсары - әлеуметтік психология саласы - этникалық психологияның зерттейтін төл пәні.

7. Мінез және адамның жас сатылары

Адамның алғашқы өмір қадамдары тіршілік проблемаларын шешуден гөрі көбірек төңіректегі оқиғалар мен құбылыстарды бақылауға (созерцательность) бағытталады. Негізінен объекттермен қатынасқа түсе отырып, бала болмыс мәнін түсінуге ұмтылады. Соған байланысты өз қылық-әрекеттерінің орынды не орынсыз екенін бағамдай бастайды. Баланың сезімталдығы жас ұлғайған сайын кеми бастайды. Солайда болса, балалық шақта игеріл-ген тәржірибе мен білім бозбалалық кезеңнің тұрақты мінез бітістеріне арқау береді.

Бозбалалық (юность) шақтың өмірге қойған талаптары өте жоғары да бірбеткей келеді, қажеттіктер ауқымы кеңейеді, аласапыран, күйзелісі мол, ерік күшін керек ететін өмір басталады. Қоршаған дүниемен белсенді араласу, тікелей қатынас жасау сырттай бақылаудан гөрі анағұрлым қиын. Көрер көзге әдемі іс, оқиға, зат нақты орындауға келгенде сүйкімсіз де ауыр болуы мүмкін. Жағдайға билік ету оңай емес, ал өзіңді өзің басқаруың одан да күрделірек. Өмір бұрқасынында әрекет ете білу алғы шарт, ал кей жағдайларда өз әрекетің басқалар қимылынан ұтымды болғаны керек. Бұрын жағымды түртүс, әуенге толы дүние енді бозбаланы әлеуметтік талаптар мен қалтқысыз міндеттерге орайды. Бозбалалық шақтың дағдарысынан балалық шақтағы жасанды бағыт моделі құрдымға кетіп, "бақыт" мән-мағынасы өзгеріске келеді. Бақытқа деген көзсіз ұмтылыс енді "бақытсыздықтың" қор­қынышына ауысады. Бірақ бұл жаста бұрқасын қуат мол, сондықтан қиыншылықтардың бәрі де өтпелі. Бола­шаққа деген сенім шексіз. Сонымен бірге, өзіңді дербес, бірде біреуге керегі жоқ дүние екеніңді сезіп, оқшаулана түсесің. Бірақ дүние жұмбақ, оны тануға болған ұмтылыс өте күшті.

Адамның ендігі өмір желісі көп шарпусыз, байсалды да аңдап басу кейпіне келе бастайды. Өмірдің бәрі тек бақыттан тұрмайтынын түсініп, адам қанағат, шүкіршілікке бой бағындыру қажеттігін аңдай түседі. Қиялдық өмірден кешегі бала нақты, күтілмеген, бұлтарыстары көп ақиқат өмірге өте бастайды. Енді бозбала өзінің бар қуат-жігерін пайдалы да қажетті, қолынан келер іске бағыштайды. Тәжірибе, нақты іс-әрекетке араласудан жас жігіт, бойжеткен бұрынғы жалған түсінік, ұғымдарынан арыла бастайды. Өмір енді адамға ішкі тұңғиық, тылсым тарапынан танылып, айқындала түседі. Тұлғаның әлеуметтік кемелденуі байқалады. Бірақ әліде жас жігіт басқаларды бағалауда өз сезім өлшеміне көбірек сенеді, махаббат, достық, әлеуметтік қатынастардың басқа да формаларында өзінің тұлғалық бейнесін нығайта түседі.

36-40 жаста адам өмірдің жаңа сатылық деңгейіне көтеріледі. Осы шақтан бастап өмір қуаты кеми бастайды. Бірақ бұл процесс алғашында рухани құндылықтар молдылығынан онша байқала бермейді.

Ал адам егде тартқан сайын оның көптеген рухани құндылықтары қайта қарастырылып, көбі жойылып, өткен өмір жеке оқиғалар жиынтығы ретінде еске алынады. Тек өмірдің алғашқы шерегі ғана ең ұзақ, қымбат әрі бақытты көрініп, қайталана жадқа келе береді. Қалған шақтардың бәрі қысқа да сарсаң өмір күйбеңіндей көрінеді. Көп жайт естен шығады. Өткендегі күйзелткендер мен қинаған-дардың баршасы мәнін жоғалтып, елеуден қалады. Осы жайтты даналықпен түсінген ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауи былай депті: "Баз кештім елу екіде жиғанымнан, Мал-мүлкім артық емес бір жанымнан". Ендігі өмірдің әр күні жылдарымдай шалт ағып, ізін жуып-шайып, өткеннің бәрін татымсыз күйге түсіреді. Кешкен дүние тұманданып, көз алдыңнан кете бастайды. Солай да болса, кейбір бастан өткен қызғылықты оқиғалар анда-санда жылт ете, көрініп, көңілді рахатқа бөлейді. Осының бәрі уақыт ендігіндегі адамның барша "Мені" санада сақталып қалмай, оның кейбір көріністері ғана бекіп қалатынын дәлелдейді.

Өмірдің екінші жартысының мәні бірінші өмір бөлігінде топталған материалды және рухани қордың шамасымен күні ілгері анықталады.

Адам мінезінің сан-қилы көріністері жас сатыларына байланысты әрқилы. Бұған дәлел "Диуани хикмет" шумақтары:

"Ғашық боп жиырма сегіз жасымда

мен, жан кешіп, мехнат шегіп,

бас ұрған ем ..." "Қанағат елу сегізде

сезіндіріп, Тыя гөр, қаһарлы ием, өзің біліп,

Құдайым бар непсімді безіндіріп". (Қ.А.Яссауи)

Өмір ақырына жасанды, жалған сенімдер (иллюзии) ғайып болып, өмір жағдайынан жамылған бүркеме-лер ысырылып, шынайы мінез көрініс береді, әлеуметтік роль мән-мағынасын жоя бастайды. Адам фәни ақырында өзін танып, өз болмысының төркінін білетін халге же-теді. Өмір балалық күндердегідей бақылау, меңзей қарау (созерцательность) кейпіне қайта оралады. Жас күнде де игілік, ләззәт бермеген көптеген құмарлықтар өшеді. Алайда, бозбалалықтың мұңнан қашып құтылмағанындай, кәрілікке де рух көтеріңкілігі жат емес. Көптеген шектеулерден босап, өмір аяғында адам өзін еркін сезініп, дүниемал, дос-дұшпанның шын мәнін пайымдау деңгейіне жетіседі.

Қоғамда әдейі, мансап иелеу үшін бүркенген жалған зер-оқалары (мишура) мен дүниеқоңыздық күйбеңдерін ысырып қойып, кәрілік ақиқат дүние құндылықтарына объектив баға береді.

Кәрі адамның ең күшті психикалық қасиеттері - өткен өмірдегі өз мәнділігін сезінуі, жетіскен адамдық дәрежесі және жемісті іс-әрекеттерінен қанағат рахатын тауып, мәңгілік өмір дариясының бір тамшысы болғанынан қуанышқа бөленуі. Бұл фаниден бақи дүниеге жолдама алып тұрған шақта да адам өзінің мәңгіліктен өшіп кетпейтінін біліп, оны медет тұтады. Оның өмірі адамзаттың мәңгілік ағымын жалғастыруға себін тигізді; мұны түсіну - кәрілік даналығы.

Қайталау және бекіту сұрақтары

1. Мінез анықтамасы қандай және оны қандай дәлелдермен түсіндірер едіңіз?

2. Мінез қалыптасуына ықпал етуші факторлар түрі қандай?

3. Мінез бітістері және олардың темперамент, сезім, сана қасиеттерімен арақатынасын қалай түсіндіресіз?

4. Мінез түрлерінің ажыралуына себепші факторларды қалай сипаттар едіңіз?

5. Жалпыланған мінез типтері қандай?

6. Мінез асқынуы деген не?

7. Ұлттық мінез қалыптасуының себептері қандай?

8. Жас сатыларына байланысты мінез өзгеруін қалай түсіндірер едіңіз?

9. Мінезге орай ұлы ғұламалар даналығынан не білесіз?

14-дәрісбаян

Жеке тұлға

Жоспары:

1. Жеке адам туралы жалпы түсінік.

2. Жеке тұлғаның психологиялық құрылымы мен бағыттылығы.

3. Жеке тұлғаның қалыптасуы мен әлеуметтенуі.

4. Индивид, субъект, жеке адам, даралық түсініктерінің ара қатынасы..

5. Адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасының әлеуметтік психологиялық заңдылықтары.

1. Жеке тұлға туралы жалпы түсінік

Адам — бұл, бір жағынан, биологиялық құбылыс, санасы бар жануар, қоршаған дүниені тануға және оны белсенді өзгертуге қабілетті. Жоғары ұйымдасқан жануар ретінде адамға денесімен тік жүру, дүниені тану және өзгерту құралы ретінде қолдың дамуы, ерекше дамыған ми сияқты дене ерекшеліктері тән.

Екінші жағынан, адам-қоғамдық құбылыс. Бұл оның негізгі сипаты, себебі қоғамдық өмір және қоғамдық қатынастар, ұжымдық еңбек адамның биологиялық, дене құрлымын өзгертіп және өзіне бағындырды. Адам туралы айтқанда, психология және философия ғылымдары "жеке тұлға" ұғымымен түсіндіреді.

Жеке тұлға адамға қарағанда тар мағында қолданылады. Жеке тұлға — бұл сол адам, бірақ тек ғана қоғамдық, әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырылады. Бұл жағдайда зерттеушілер оның биологиялық, табиғи жағын ескермей, адамды қоғамдық қатынастардың нәтижесі, қоғамдық дамудың белсенді қайраткері ретінде қарастырады.

Психологияда "адам" және "жеке тұлға" ұғымдарымен қатар "даралық" ұғымы да қолданылады. Әрбір адамның мәні, оның өмірі мен қызметі жағдайларының өзіндік қайталанбайтын ерекшелігі бар, сондықтан да тіптен екі бірдей жеке тұлға болмайды және болуы да мүмкін емес.

Даралық дегеніміз жеке тұлғаның психологиялық ерекшеліктерінің қайталанбас қиысуы түрінде байқалатын нақты өзгешелігі айтылады.

Жеке тұлға-тек тарих, философия, социология, этика, эстетика, психология, педагогика және т.б. сияқты қоғамдық ғылымдардың зерттеу нысаны.

Жеке адам - қоғамдық дамудың қайраткері, қоғамда белгілі жағдайда тұратын саналы индивид және белгілі қоғамдық ролді атқарады.

Жеке тұлғаның 3 ерекшеліктерін атап өткен жөн: Біріншіден, жеке тұлғаның қасиеттерінің тұрақтылығы. Жеке тұлғаның психикалық көріністерінің өзгермелілігіне қарамастан, оның психикалық келбетінің салыстырмалы тұрақтылығы анық байқалады.

Екіншіден, бұл-жеке тұлғаның бірлігі, жеке тұлғаның психикалық үрдістерінің, психикалық қалыптың және психикалық қасиеттердің тығыз байланысы мен өзара тәуелділігі. Жеке тұлға біртұтас бірлікті білдіреді, әрбір қасиет басқалармен тығыз байланысты. Мәселен, табандылық мақсатқа жету ептілігі ретінде қиындықтар мен кедергілерді жеңе отырып, жоғары моралдік сезімдермен, дамыған ұжымдық сезімдермен бірлікте ғана жағымды мәнге ие болады. Сондықтан да жеке тұлға "жеке бөліктерге"

бөлініп қалыптаспайды, тәрбиеленбейді, әр уақытта да жеке тұлға тұтас, бірлікте қалыптасады, тәрбиеленеді.

Үшіншіден, бұл - жеке тұлғаның белсенділігі, қоршаған дүниені өзгертуге, түрлендіруге бағытталған көптеген және жан-жақты іс-әрекетте бейнеленеді.

Психологияның басқа ғылымдардан ерекшелігі (философия, этика, заң ғылымдары және т.б) жеке тұлғаның рухани бейнесін, оның қылықтары мен мінез-құлқын зерттейді. Психология ең алдымен жеке тұлғаның себептерін, сезімін, қажеттілігін, қызығуын зерттейді. Психология іс-әрекетті ойдағыдай орындаудың психологиялық алғышарттарын және темпераменті мен мінез-құлқының психологиялык ерекшеліктерін қарастырады. Сонымен қатар психология жеке тұлғаның қалыптасу және даму үрдісін зерттейді.

2. Жеке тұлғаның психологиялық құрылымы

Кез-келген құбылыс сияқты жеке тұлғаның психикалық өмірі белгілі құрылымнан тұрады. Адамның дара психологиялық ерекшеліктеріне байланысты және жеке тұлғаның өзіне тән құрылымға белгілеуге болады. Жеке тұлғаның құрылымының бірінші бөлігі оның бағыттылығын сипаттайды немесе адамның шындық дүниеге тандамалы қатынасы. Бағыттылық әртүрлі қасиеттердің өзара байланысты қажеттіліктер мен қызығулардың, идеялар мен тәжірибелік ұстанымдардың жүйесін қамтиды.

Ондай жағдайда бағыттылық бөліктерінің бірі үстемдік етеді және басты мәнге, ие болады, сол уақытта басқалары тірек қызметін атқарады. Үстемдік ететін бағыттылық жеке тұлғаның бүкіл психикалық қызметін анықтайды. Мәселен, танымдық қажеттіліктің үстемдік етуі соған сәйкес еріктік және эмоциялық көңіл-күйдің көтерілуіне алып келеді, ол өз кезегімен интеллектуалдық іс-әрекеттің белсенділігін арттырады. Бір уақытта табиғи қажеттіліктер біршама тежеліп, күнделікті тіршілік күйді кейінге, екінші кезекке ығыстырады.

Жеке тұлға өзінің айналысқан қызығуының мақсаттылығын негіздей бастайды, оған ерекше қоғамдық және жеке мән береді.

Жеке тұлғаның психологиялық құрылымының екінші бөлігі жеке тұлғаның мүмкіншілігін айқындайды және белгілі бір іс-әрекетті нәтижелі қамтамасыз ету үшін қабілеттіктердіқамтиды. Қабілеттіліктер өзара байланысты және бір-бірімен өзара әрекет етеді. Тәртіп бойынша қабілеттіктердің бірі үстемдік етеді, жетекшілік етеді, басқалары оған бағынады. Мәселен, А.С.Пушкинде ақындық өнер үстемдік етті, бірақ олөзін тарихшы және талантты суретші ретінде де таныта білді. Сол сияқты М.Ю. Лермонтов туралы да айтуға болады. Қабілеттіктердің арақатынасының сипатына бағыттылықтың құрылымы әсер етеді. Өз кезегімен қабілеттіктерді даралау жеке тұлғаның шындыққа қатынасының таңдамалығына әсер етеді,

Жеке тұлғаның құрылымының үшінші бөлігі мінезболып табылады немесе әлеуметтік ортадағы адамның мінез-құлық стилі. Мінез күрделі синтетикалық құрылым, адамның рухани өмірінде мазмұн мен түр бірлігінде аңғарылады. Мінез жеке тұлғаны тұтас көрсете алмағанмен, бірақ оның қасиеттерінің, бағыттылығы мен ерік-жігерінің, интеллектуалдық және эмоциялық сапаларының, темпераментте байқалатын типологиялық ерекшеліктерінің күрделі жүйесін білдіреді.

Мінез жүйесінде сонымен қатар басты қасиеттерді бөліп көрсетуге болады. Оларға ең алдымен — моралдік, екіншіден — ерік-жігер сапалары жатады, олар белгілі мінез-құлық стилін және практикалық міндеттерді шешу тәсілін қамтамасыз етеді. Сондықтан да моралдік — ерік-жігер сапаларын мінездің негізін құрайды деп айта аламыз.

Төртінші бөлігі басқару жүйесі болып табылады, көп жағдайда "мен" деген ұғымды білдіреді. "Мен" — жеке тұлғаның өзіндік сапа құрылымы, ол өзін-өзі реттеп отыруды іске асырады: іс-әрекетті күшейту немесе бәсеңсіту, өзін-өзі бақылау және іс-әрекет пен қылықты басқару, іс-әрекетті жоспарлап отыру, сонымен, өзін-өзі басқару жеке тұлғаның мақсаты ұйымдасқан өмірі мен қызметінде ерекше маңызы зор. Жеке тұлғаның құрылымы егер психикалық үрдістер мен қалыпты алып тастағанда толық болмай шығар еді.

Психикалық үрдістер — психикалық кұбылыстардың әртүрлі түрлерінде шындықты динамикалық тұрғыда бейнелеу. Психикалық үрдістер жеке тұлғаның шындықпен байланысын қамтамасыз етеді. Олар арқылы жеке тұлғаның қасиеттері қалыптасады. Ұйымдасқан қасиеттер өз кезегімен үрдістің жүруіне әсер етеді. Мәселен, түйсіктер үрдісінде нақтылы сенсорлық қасиеттер және одан әрі түйсіктердің сандық, сапалық сипатын анықтайтын жеке тұлғаның тұтас сенсорлық құрылымы қалыптасады. Теориялық және практикалық міндеттерді шешу үрдісінде жеке тұлғаның ерік-жігер құрылымы қалыптасады.

Жеке тұлғаның ұйымдасқан бағыттылығы қабылдаудың және оған байланысты эмоциялық реакцияның таңдауына әкеледі.

Психикалық үрдістердің негізінде психикалық қасиеттер ұйымдасады. Жеке тұлғаның психикалық қасиеттері бұл индивидке тән психикалық іс-әрекет пен мінез-құлықтың белгілі сандық-сапалық деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты құрылым.

Психикалық үрдістердің жүру сипаты, қасиеттердің көрінуі жеке тұлғаның психикалық белсенділігінің жағдайына байланысты.

Психикалық қалып дегенімізжеке тұлғаның көтеріңкі немесе түсіңкі белсенділігі түрінде көрінетін психологиялық іс-әрекеттің тұрақты деңгейін айтады. Кез-келген оқиғаны бейнелеу - күрделі құбылыс. Ол өз құрамына біршама үрдістерді кіргізеді: түйсіну мен қабылдау, қайта жаңғыру, ойлау, сезім және т.б. қоғамдық және жеке мәні бар ықпал мен ой түйінін түсіну, соған сәйкес сезім туғызады, оның сипатына қарай жеке тұлғаның жалпы белсенділік деңгейін төмендетеді немесе арттырады. Психикалық іс-әрекеттің қалыптасқан деңгейі белгілі бір уақытқа жалғасуы сақталады.

Барлық кейінгі психикалық белсенділігі пайда болған жағдайға сәйкес жүріп отырады.

Психикалық қалып сыртқы және ішкі жағдайлардың себептеріне байланысты, бірақ оның динамикасы мен сипаты жеке тұлғаның қасиетіне байланысты. Мәселен, жүйке қызметі ынжық типтегі адамдарда психикалық қалпы қозғалғыш типтегі адамдармен салыстырғанда тұрақты келеді. Кейбір адамдардың атына жасалған сын-ескертпелер олардың күш-жігерін жұмылдырады, сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға ұмтылады, ал осындай сын-ескертпелер кейбіреулердің белсенділігін әлсіретеді, депрессивтік психикалық жағдайдың пайда болуына алып келеді Осындай жағдай мінез-құлқының жағымсыз қасиеттеріне (өркөкірек, өзімшіл, өзін басқадан жоғары ұстайтын) ерік-жігері әлсіз, сезімнің ерекшелігіне байланысты.

Демек, жеке тұлғаның психикалык құрылымы өте күрделі, жан-жақты және сан-қырлы. Оның барлық компоненттері өзара байланысты және өзара тәуелді. Жеке тұлғаның дамуымен оның құрылымы да өзгеріп отырады. Сонымен қатар әрбір жеке тұлғаның құрылымы салыстырмалы түрде тұрақты. Әрбір адам тұрақтылық пен өзгермеліктің бірлігі, тек қана сондай құрылым адамға өзімен өзі болуға, икемділік көрсетуге, өмір салтын сол жағдайларына сай жүргізуге көмектеседі.

3. Жеке тұлғаның бағыттылығы

Жеке тұлғаның негізгі сипаты оның бағыттылығыболып табылады. Бағыттылық адам алдына қойған мақсатты анықтайды, сол мақсатты орындауға ұмтылысы тән, түрткілерарқылы адам іс-әрекеттер жасайды, қызығуларды адам іс-әрекетте басшылыққа алады.

Белсенділік — жеке тұлғаның басты жалпы қасиеті, ол іс-әрекетте, қоршаған ортамен қарым-қатынас үрдісінде байқалады. Адамды белгілі бір жағдайда әрекет етуге, алдына, мақсат қоюға және оны орындауға итермелейтін не? Осындай итермелейтін себепке қажеттілік жатады. Қажеттілікадам тарапынан белгілі бір затқа мұқтаждық, бір нәрсенің жетіспеуі, белгілі бір нәрсеге қанағаттанбау тұрғысында іске асады, ал жеке тұлғаның белсенділігі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталады.

Адам қажеттілігі әртүрлі. Ең алдымен адамның өмір сүруін тікелей қамтамасыз ететін табиғи қажеттіліктерді атап өтуге болады: тамаққа, ұйқыға, киімге, суықтан және ыстықтан сақтау құралы ретінде тұрғын үйге қажеттілік. Бұл негізінен биологиялық қажеттіліктер, сонымен қатар олар жануарлардың қажеттіліктерінен түбірлі айырмашылықтары бар. Оның ішінде, біз оны қанағаттандырудың әлеуметтік сипаты туралы айтып отырмыз.

Адамда табиғи қажеттіліктермен қатар таза адами, рухани немесе әлеуметтік қажеттіліктер болады.Басқа адамдармен сөздік қарым-қатынас қажеттілігі, еңбекке деген қажеттілік, мәдени қажеттіліктер (кітап және үнқағаз оқу, радио, теледидар тындау, музыка тыңдау, киноға және театрға бару) болады.

Адам қажеттілігі — адамзат қоғамының қоғамдық-тарихи дамуының жемісі. Осы даму үрдісінде адамдардың табиғи және рухани қажеттіліктері пайда болды, өзгерістерге ұшырады және күрделене түсті.

Жеке тұлғаның белсенділігінің қайнар көзі, оның қажеттілігі болып табылады. Тек қана қажеттілік адамды белгілі бағытта әрекет етуге итермелейді.

Қажеттілік — бұл өмір сүрудің нақты жағдайларына тәуелділігін білдіретін жеке тұлғаның қалпы. Қажеттілік — жеке тұлғаның белсенділігінің қайнар көзі қажеттілік жалпы түрде байқалады.

Адамның нақты қылығы, ісі, белгілі іс-әрекеті туралы айтқанымызда, түрткілері (мотивтері) немесе нақтылы қылығы, іс-әрекетті итермелейтін себептері туралы деп түсінеміз.

Түрткілер — қажеттіліктің нақты көрінуі.

Түрткілер (мотивтер) — бұл қажеттіліктерді қанағаттандырумен байланысты іс-әрекетке итермелеу.Егер де қажеттілік адам белсенділігінің барлық түрлерінің мәнін, қызметін құрайтын болса, ал түрткілер бұл қажеттіліктің нақты көрінуі болып табылады.

Адамның мінез-құлқын қарастыра отырып, оның қылығын талдай келіп, оның түрткілерін дұрыс түсіну қажет. Түрткілер бір-бірінен онда іске асатын қажеттіліктердің түріне, аумағына, іс-әрекеттің мазмұнына (еңбек әрекетінің түрткілері, оқу әрекетің түрткілері) байланысты ерекшеленеді.

Түрткілер мақсатты (саналы) және мақсатсыз (санасыз) болып бөлінеді. Ғылыми психология осы түрткілердің бір-бірімен жеке тұлға дамуының қоғамдық-тарихи жағдайы бір-бірімен байланысты екендігін атап көрсетеді.

Адамның танымдық қажеттіліктерінің көрінісі қызығу деп аталады. Қызығу — бұл адамның белгілі бір затқа, құбылысқа немесе іс-әрекетке, жағымды эмоциялық қатынасқа байланысты белсенді танымдық бағыттылығы.Қызығудың мәні орасан зор: білімді меңгеруге, ой-өрісін кеңейтуге, адамды терең білімді меңгеруде оның белсенді жолдары мен тәсілдерін іздестіруге, қиындықтар мен кедергілерді жоюға итермелейді.

Қызығулар өзінің мазмұны, ауқымы, тереңдігі, тұрақтылығы және тиімділігі бойыншасипатталады.

Мазмұны жағынан қызығулар бағытталған нысанына қарай анықталады (техникаға, химияға, спортқа, өнерге, суретке, шахматқа т.б. қызығу). Мазмұны жағынан әртүрлі қызығулар қоғамдық мәніне қарай: біреулері, егер де қоғамдық және жеке мүдделер дұрыс ұштасқанда жағымды бағаланады, басқалары жағымсыз бағаланады (өздерінің ұсақ сезімдік қажеттіліктерін қанағаттаңдыруға байланысты).

Жан-жаңты, ауқымды және тар қызығулар болып бөлінеді. Жеке тұлғаны жан-жақты дамыту үлкен ауқымды және жан-жақты қызығуды қажет етеді. Қызығудың тарлығы адамда бір немесе екі шектеулі және тұйықталған қызығу ғана болады.

Терең қызығу нысанды, оның барлық бөліктерін жеткілікті зерттеу қажеттілігі болып табылады. Ол атүсті, жеңіл-желпі қызығуға қарсы бағытталады, адам құбылыстарды атүсті қарастырады, зерттеу нысанын терең пайымдамайды.

Тұрақтықызығулар (олар ұзақ сақталады, адамның өмірі мен іс-әрекетінде мәнді рөл атқарады, жеке тұлғаның салыстырмалы түрде бекітілген ерекшеліктері болып табылады) және тұрақсыз қызығулар салыстырмалы түрде кысқа мерзімді құбылыстар сипатында және тез пайда болады, тез сөніп қалады.

Адам тұрақсыз қызығулармен жеңіл әуестенеді және тез суып қалады.

Тиімдіқызығулар дегеніміз адамның өмірі мен қызметіне терең ықпал ететін, белгілі бағытта біржүйелі және мақсатты іс-әрекетке, белсенді және ынталы ізденістер көздерін қанағатандыруға итермелейтін қызығуды айтады. Бейжай қызығулар — осындай іс-әрекеттің түрлеріне итермелейтін қызығуларды айтады.

Сонымен қатар тура және жанама қызығулар болады. Тура қызығулар білімнің немесе іс-әрекеттің белгілі бір саласында мазмұнымен пайда болады.

Жанама қызығулар — нысанның мазмұнымен пайда болмайды, болашақ басқа нысанмен, адам қызығуымен (мәселен, мектеп оқушысы үшін математикаға қызығуы, оның сүйіп айналысатын авиамоделдеу ісімен) байланысты. Жеке тұлғаның қылығы моралдік түрткілермен, борыш сезімімен, қоғамдық тапсырмалармен реттеледі және анықталады. Адам қылығының моралдік түрткілері идеалдарда байқалады.

Моралдік немесе адамгершілік идеал — бұл адамның өз іс-әрекеті мен қылығының үлгісі. Әрбір тарихи кезеңде идеал, үлгі болатын адамдар аз болған жоқ. Қазақ халқының тарихы мен мәдени өмірінде идеал, үлгі боларлық қайраткерлер ғылымда академик Қаныш Сатпаев,әдебиет пен өнерде Абай, Мұхтар, Махамбет, Құрманғазы т.б. есімдерін ерекше атауға тұрарлық. Жеке тұлғаның қылығының негізгі түрткісі сенімдер болып табылады.

Сенімдер— бұл өздерінің көзқарасына, қағидаларына, дүниетанымына сәйкес итермелейтін жеке тұлғаның мақсатты қажеттіліктер жүйесі. Сенімдер түрінде байқалатын қажеттіліктер мазмұны — бұл қоршаған дүние табиғат пен қоғам туралы білімдер, оларды түсіну. Бұл білімдер ішкі ұйымдасқан көзқарастар жүйесін құрайды (философиялық, эстетикалық, этикалық, ғылыми-жаратылыстану және т.б.), ол адам-дүниетанымы болып қарастырылады.

Ұмтылу— мінез-құлық түрткілері (мотивтер), онда қажеттілік түрінде аңғарылады, қазіргі жағдайда берілмеген, бірақ жеке тұлғаның арнайы ұйымдасқан іс-әрекетінің нәтижесі түрінде жасалуы мүмкін. Ұмтылу түрінде берілген қажеттілік ерекше ұйымдасқан іс-әрекет арқылы қанағаттандыра алмайды, бұл түрткілер категориясы ұзақ мерзімге жеке тұлғаның белсенділігін қолдауға қабілетті.

Мәселен, бір топ студент қайықпен серуенге шығу туралы жоспар жасап, пайда болған ұмтылу нәтижесінде жоспарды іске асыруда өзінің іс-әрекетінің белсенділігін арттырады, сол жоспарды орындауда студенттер әртүрлі даярлық жұмыстарын жүргізеді. Ұмтылу әртүрлі психологиялық түрде іске асады.

Барлық түрткілер туралы айтқанымызда (қызығу, сендіру, ұмтылу) ең алдымен олар саналы, мақсатты түрде сипатталады. Басқа сөзбен айтқанымызда, адамда ол пайда болғанда, өзіне-өзі есеп береді, іс-әрекетке итермелейді, оның қажеттілігінің мазмұны болып табылады. Сонымен қатар бұл категорияға түрткілердің барлығы кіре бермейді. Адамдардың іс-әрекеттері мен қылықтарының ерекше саласына саналы емес талпынулар жатады. Саналы емес талпынуларды психологияда зерттеу XX ғасырдың 20-30-жылдары қолға алынды.

Ұстаныммәселесі, ұстаным теориясының біздің елімізде негізінен грузин психолоғы Д.Н.Узнадзе және оның әріптестері негізін салған болатын.

Ұстаным дегеніміз қажеттілікті қанағаттандыруға белгілі дәрежеде даярлықты айтады.

Ұстаным— бұл белгілі бір (іс-әрекетке жеке тұлғаның саналы емес талпыну дайындығы, оның көмегімен белгілі бір қажеттілікті қанағаттандыруы мүмкін.

Д.Н.Узнадзе зерттеуі бойынша ұстаным орталық жүйке жүйесінде пайда болады және оның перифериялық бөлімінің қызметінің жемісі болып есептелмейді. Мәселен, бірінші сынып оқушыларының мұғаліміне ұстанымын жатқызуға болады: ұстаным мұғалімнің кез-келген тапсырмасын мүлтіксіз орындау даярлығы түрінде анғарылады. Қоғамдық өмірдің әртүрлі деректері бойынша ұстанымдар (оқиғаларға, адамдарға және т.б.) жағымды болуы да (ауру дәрігердің барлық айтқандарын дәл орындауы, оны емдеген доктордың ұстанымын басшылыққа алуы), жағымсыз болуы да мүмкін.

4. Жеке тұлғаның қалыптасуы

Жеке тұлға адамның қоғамдық, тарихи-нақтылы жағдайында, оны оқыту және тәрбелеуде қалыптасады. Жеке тұлғаның дамуының, сонымен қатар барлық психикалық сапалармен үрдістердің қозғаушы күштері не?

Психология тарихында бұл мәселені шешуде екі бағыт қалыптасты: биогенетикалық және социогенетикалық.

Биогенетикалық бағыттың түсіндіруінше, жеке тұлғаның дамуы биологиялық, тұқым қуалау факторымен анықталады.

Сондықтан да жеке тұлғаның дамуы спонтандық (өз еркімен) сипатта болады. Биогенетиктердің айтуынша, адам табиғатынан эмоциялық реакциясы жүруінің кейбір ерекшеліктеріне бейімділік аңғартып ғана қоймайды, сонымен қатар белгілі түрткілер жиынтығы бейімдік береді. (біреулер қылмыс істеуге бейім келеді, кейбіреулер ұйымдастырушылық қабілетке бейімділік аңғартады және т.б.). Адамдарда табиғатынан психикалық іс-әрекетінің түрлері бағдарламаланып қана қоймайды, сонымен қатар оның мазмұны, психикалық даму кезендері және оның пайда болу тәртібі алдын ала анықталады. Биогенетикалық көзқарас бойынша жеке тұлғаны өзінің белсенділігінен айырылған биологиялық факторлардың әрекет етуінің жемісі ретінде қарастырады.

Социогенетикалық көзқарас бойынша жеке тұлғаның дамуы қоршаған әлеуметтік ортаның тікелей ықпалының нәтижесі ретінде қарастырылады. Социогенетиктер биогенетиктер сияқты даму үстіндегі адамның өзіндік белсенділігін жоққа шығарады, оған селқос рөл беріледі, тек қоршаған ортаға бейімделушілік қызметін ескереді. Егер де социогенетикалық тұжырымдаманың айтқанына жүгінсек, онда мынадай мәселе түсініксіз болып қалады, неге бір әлеуметтік ортада әртүрлі адамдар қалыптасады, оның себебі неде?

Сонымен, биогенетикалық та, социогенетикалық тұжырымдама да жеке тұлғаның дамуы заңдылықтарын түсіндіруге негіз етіп алуға болмайды. Биогенетикалық та, социогенетикалық та психикалық дамудың қозғаушы күштерін анықтауға қабілетті емес.

Жеке тұлғаның дамуы туралы шет елде қабылданған белгілі теориялардың қателігі жеке тұлғаның дамуында тұқым қуалау мен ортаның мәнін түсіндіруде емес, онда жеке тұлғаға әртүрлі ықпалдарды механикалық түрде тұжырымдайды, ол "ойыншық" ретінде қарастырылады. Соған сәйкес жеке тұлғаның белсенділігі жоққа шығарылады.

Жеке тұлғаның белсенділігі түрткілер жүйесі арқылы адамдарды іс әрекетке итермелейтін қажеттіліктер жиынтығымен байланысты. Қажеттіліктер тәртіп бойынша, пайдаболғаннан кейін тез арада қанағаттандырылмайды.

Оны қанағаттандыру үшін материалдық құралдар қажет, іс-әрекетке, білімге, ептіліккежәне т.б. жеке тұлғаның белгілі даярлық деңгейі қажет.

Жеке тұлғаның психикалық дамуының қозғаушы күштері адамның өзгермелі іс-әрекетіндегі қажеттіліктермен және қанағаттандырудың шын мүмкіншіліктерінің арасындағы қарама-қайшылықта анықталады.

Жеке тұлғаның қалыптасуында тұқым қуалау мен ортаның негізгі факторлар ретіндегі рөлін жоққа шығаруға болмайды.

Педагогтің оқу-тәрбие жұмысында жұртшылықтың арасында өте кең тараған тұқым қуалаудың жеке тұлғаның психологиялық қасиеттерінің пайда болуында шешуші рөлі туралы пікірімен санасуға тура келеді.

Қазіргі кезде тұқым арқылы берілетін қасиеттерге мидың құрылымы мен жұмыс істеуінің кейбір ерекшеліктері жататындығы туралы негіз бар. Сонымен қатар жоғары жүйке қызметінің типтері (жүйке үрдістерінің күші, тепе-теңдігі және қозғалғыштығы) тұқым арқылы беріледі. Тұқым қуалаудың белгілі дәрежеде жеке тұлғаның қалыптасуында рөлі бар, бірақ оны асыра бағалауға болмайды, әлеуметтік факторлардың да рөлін ескерген жөн.

Бір жұмыртқалы егіздердің психикалық дамуының барысын зерттеу нәтижесінде өте маңызды қажетті мәліметтер алынған болатын. Оларда тұқым қуалау бір жұмыртқадан дамығандықтан бірдей екендігін анғаруға болады. Тіпті бірдей жағдайда өмір сүрген бір жасушалы егіздердің бір-бірінен ерекше айырмашылығы бар. Егіздердің жеке тұлға құрылымында айырмашылығы анық байқалады, ал сыртқы түрі ұқсас болғанмен, психологиялық ерекшелігінде айырмашылықты аңғаруға болады.

Егіздердің даралық ерешеліктерінде айырмашылықтарды қалай түсіндіруге болады? Бұл айырмашылықтар оларда басқа адамдармен және өзара қалыптасқан әртүрлі қатынастармен, рөлдермен, нақтылы ахуал жағдайларымен түсіндіріледі. Осының барлығы көрсеткендей, жеке тұлғаның қалыптасуында даралық ахуалды қарастыру қажет. Баланы белгілі ортада бейжай нысан түрінде емес, ал оны белсенді субъект ретінде оған тән қажеттіліктермен қарастырамыз. Денсаулығына немесе мінез-құлқына байланысты егіздердің бірі ортадағы бірдей жағдайда оның психологиялық қасиеттері екіншіге қарағанда мүлде өзгеше болып келеді. Мәселен, ауру егіздердің бірі басқаларға қосылмай, өздігінен оқшауланып жүреді, ал екіншісі керісінше, көпшіл келеді, сол үйден немесе одан тыс жерден жолдас іздейді, дені сауы спортпен көбірек айналысады. Демек, егіздердің әрқайсысы осы ортақ ортаның шеңберінде өздерінің даралық микроортасын іздейді.

5. Жеке тұлғаның әлеуметтенуі

Егер де іштей жеке тұлға ортаға мәнді тәуелді болса, әлеуметтік психологияда суреттелетін және түсіндірілетін адамдардың қарым-қатынасымен және өзара іс-әрекетімен байланысты оның мінез-құлқының түрлеріне жатады.

Әлеуметтік психологияда кең тараған теориялардың ішінде әлеуметтік үйрету теориясы жатады. Ол әлеуметтік психологияның бөлімі және пәні ретінде жеке тұлғаның әлеуметтенуін қарастырады.

Әлеуметтенуді қоғамдық тәжірибені индивидтің меңгеру және белсенді өндіру үрдісі, соның нәтижесінде ол жеке тұлға болып қалыптасады және өмірге қажетті білімді, дағдыны, ептілікті меңгереді, демек, белгілі міндеттерді шешу барысында олармен қарым-қатынас және іс-әрекет жасау қабілеттілігі деп түсінеміз.

Әлеуметтену — бұл адамның қоғамдық өмірдің тәжірибесін меңгеруінің жан-жақты үрдісі. Әлеуметтену адамның әртүрлі адамдармен өзара тиімді қарым-қатынасқа қажетті адамзаттық қатынастардың мәдениетін, әлеуметтік нормаларды меңгеруін қамтиды. Сонымен қатар ол адамның қоршаған әлеуметтік шындықты белсенді танып білуін, дара және топтық жұмыстың дағдыларын меңгеруді, ол үшін қажетті қабілеттіктерді дамытуды қажет етеді.




Leave a Reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *



22 − = 19