Философия тарихы дегеніміз не?

Философия б.ғ.д. ҮІ-Ү ғ.ғ. пайда болып, өзінің бүгінгі ахуалына келді. Қайсыбір философия, Гегельдің айтуына қарағанда, оймен ұсталып қалынған өз заманы, дәуірі. Философия тарихы, олай болса, адамзаттың ой-өрісінің даму тарихы, шегіне жеткен ең жалпы адам мен Дүниенің қарым-қатынасы жөніндегі мәселелерді шешудегі өз заманымен шектелген ойлау, рух талпынысы.

Философия тарихы сонау көне заманнан бері қалыптаса бастады. Оның қайнар көзі - Дүние мен адамның байланысы жөніндегі алғашқы жиналған ойлар мен пікірлер, оларды белгілі бір жүйеге келтіріп, сараптау қажеттігі, соның негізінде әрбір философтың өзінің ой-пікірін жеке көрсетуге тырысуында жатса керек. Сондықтан Кон-фу-Цзы, Платон, Аристотель сияқты көне замандағы ірі ойшылдар өздерінің көзқарасын бұрынғы тарихта қалыптасқан пікірлермен салыстырып, оларға баға береді.

Сонымен қатар сол көне заманда өз шығармашылық еңбегін тек қана әдейі философия тарихына арнаған ойшылдар да болды. Оған, мысалы, III ғ. өмір сүрген Диоген Лаэртийді, Секст Эмпирикті жатқызуға болар еді. Д. Лаэртийдің «Атақты философтардың өмірі мен ілімдері, нақыл сөздері», С.Эмпириктің «Ғалымдарға қарсы» деген еңбектері арқылы біз көне замандағы философия ішіндегі ой-тартысты, әрбір ойшылдың шығармашылық тәжірибесінің ерекшелігін байқаймыз.

Орта ғасырларды алатын болсақ, онда философия тарихы көбінесе тарихтағы болған ұлы философия еңбектеріне жасалған комментарийлер (түсініктер) арқылы көрінді. Мысалы, Әл-Фараби Аристотельдің шығармаларын тек қана араб тіліне аударып қана қойған жоқ, сонымен қатар өзінің кең түсініктемелерінде оларға баға беріп, басқа грек ойшылдарының еңбектерімен салыстырып, олардың бір-бірімен сабақтастығын қөрсете білді.

Алайда Гегельдің еңбектеріне дейін ХҮ-ХҮП ғ.ғ. философия тарихтарында бұл пән әлі белгілі бір жүйеге келтірілген жоқ, оның ішкі байланыстары, қисыны әлі ашылған жоқ-ты.

Гегель өзінің «Философия тарихы жөніндегі лекцияларында» адамзаттың философиясындағы ой-пікірдің тарихи бір-бірімен сабақтастығы, әрбір дәуірдің белгілі соған сәйкес философия ой-өрісін туғызатындығы, сонымен қатар сол дәуірдің шеңберінде шектелетіндігі, келесі дәуірдегі ойшылдардың өз заманына сәйкес бұрынғы көзқарастарды дамытатындығы айқындалды.

XIX ғ. екінші жартысында пайда болған марксизм ілімі философия тарихын таптық тұрғыдан қарап, бұл пәннің шенберінде қалыптасқан материализм және идеализмағымдарының күресі - осы ғылымның өзегі деп есептеді. Қоғамды материалистік тұрғыдан түсінудің негізінде, олар «философия ой-өрісі дамуының ең түпкі қайнар көзі - өндіргіш күштер, соған сәйкес ғылым мен техниканың дамуында» деген терең пікір айтты.

XX ғасырдағы ойшылдардың көпшілігі философия тарихындағы тарихи сабақтастықтан гөрі, әрбір қалыптасқан философиялық жүйенің ерекшеліктеріне, соны тудырған тарихи тұлғаның кайталанбауына, оның дүниетанымы мен сезімінің оқшау тұрған рухани құндылық екендігіне аса көңіл аударды.

Әрине, философия тарихының қалыптасуы мен дамуының ішкі заңдылықтары бар. Әр философ, қайсыбір адам сияқты, өз дәуірінің тұлғасы, сондықтан оның ой-толғауында сол заманның мұң-мұқтаждықтары, философиялық ой-өрісі көрінбей қоймайды.

загрузка...

Әрбір географиялық аймақтағы тұратын халықтардың сол жерге мыңдаған жылдардың ішіндегі бейімделуінің негізінде өзінің дүниетанымы мен дүниені түйсінуі, өзінің философиясы қалыптасады. Оны ғылымда менталитет деген ұғыммен береді. Сондықтан біз Шығыс, Батыс философиясы, Африка, Америка т.с.с. философиясы деп оларды ерекше қараймыз.

Сонымен бірге философияның келесі күрделі ерекшелігі оның тарихына өз әсерін тигізбей қоймайды. Ол Дүниеге деген көзқарастың көптүрлілігі,ішкі және сыртқы жағына шексіз Дүниені танып-білудегі кемеліне келген соңғы ақиқаттың үзілді-кесілді түрде болмауы.Сондықтан соңғы ақиқат ешбір философиялық ағымда, ешбір аса ірі тұлғаның қолында жоқ және ол болашақ тарихта да болмайды.

Бұл философияның іргетасты ерекшелігі тарихтағы пайда болған әр философия ағымының, әр ірі тұлғаның дүние сезімінің, тебіренісінің қайталанбауын, оның орны бөлек рухани құндылық екенін көрсетеді. Сондықтан әрбір философиялық ағымның ішінен

бүгінгі таңда бізге керек даналық пікірді, көзқарасты табуға болады. Мысалы, көне замандағы Шығыс ойшылдарының «ортаңғы жолымен жүру» қағидасы бүгінгі таңдағы біздің «біржақтылығымыздың» қателігін көрсетпей ме?

Көшпенділердің Дүниеге деген көзқарасындағы табиғатты аялау, оған табыну қажеттігі бүгінгі таңдағы Дүниені қайта өзгерту жолында экологиялық дағдарысқа келіп тірелген адамзатқа қаншалықты қажетті десеңізші!!!

Ал үнді философиясының негізгі қағидаларының бірі ахимсаны (ешқандай тіршілікті зәбірлемеу) алсақ, оның мән-мағынасы да осы уақытқа шейін соғыстан құтыла алмай келе жатқан адамзатқа сабақ болатындай. Мұндай мысалдарды көбейте беруге болар еді.

Қорыта келе, біз оқырманды философия тарихын жете игеруге шақырамыз.Оның шеңберінде телегей-теңіз дана ойлар, нәзік дүниесезімді, таңғаларлық ой-өрістерін табуға болады. Ол сіздің өзіңіздің ой-өрісіңізді кеңейтіп, Дүниеге терең көзқарас қалыптастырып, өміріңіздің терең мән-мағынасын табуға көмектеседі.

Ендеше сол философия тарихына саяхатымызды бастайық.

Философияның дүниеге келу мәселесі

Философияның дүниеге келу уақыты ғылымда нақтылы көрсетілген. Жалпы алғанда б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Шығыста да, Батыста да адамзаттың ұлы ойшыл-бабалары дүниеге келіп, философиялық ой-пікірді туғызды. Олар: Қытайда - Лао-Цзы, Кон-фу-Цзы, Парсы елінде - Заратустра, үнді елінде - Гаутама Сидхартха, соңынан Будда (ағарған) аталған, Грецияда - Сократ, Фалес, Анаксимандр т.б., Палестинада - Илия, Исая, Иеремия т.б.

XX ғ. немістің ұлы философы К.Ясперс бұл заманды «кіндікті уақыт»дейді. Өйткені бұл заманға дейінгі адмзаттың өмірі шектеліп, қайталана беретін өте баяу рухани өмірдің негізінде өтіп жатты және оның өзі саналы түрде танылмаған болатын.

Ал «кіндікті уақыт» келген заманда «Адам болмыстың өзін және өзімен өзінің шекарасын сезінеді, өзінің алдына ең биік мақсаттар қойып, өзінің санасының тұнғиығынан абсолютті таниды. Осының негізінде философтар Дүниеге келді. Адам жеке пенде ретінде тәуекел деп, өзін бүкіл Дүниеге қарсы қойды», дейді К. Ясперс.

Ал мұның себебін іздей келе, К.Ясперс діни жауапқа жақындап қалып, дегенмен: «Бұл мәселе шешілмеген, ашық сұрақ», -деген пікір айтады.

К.Ясперстің бұл айтқан сөздерін қорытсақ, философия адам рухының оянған кезінде, яғни оның өзіндік сана-сезімі пайда болып, өзін-өзіне, басқа адамдарға, бүкіл дүниеге қарсы қоя алатын уақытында дүниеге келеді.

Әрине, философияның дүниеге келу мәселесін идеалистік жолмен түсіну, белгілі бір «құдіретті күшке», «абсолюттік идеяға», «абсолюттік рухқа» сілтеуге әкеледі. Ол бізді қанағаттандырмайды. Сол себепті осы мәселені материалистік тұрғыдан талдап көрелік.

Философияның дүниеге келген тарихы қола заманнан темір дәуірінеөтумен тығыз байланысты. Темірді игеру адамзат тарихына түбегейлі өзгерістер әкелді. Соқаның басына кигізілген үшкір темір жерді терең жыртуға, яғни оны өңдеуді жетілдіруге әкелді. Нәтижесінде мол өнім алынып, байлықтың көзі ашыла бастады. Қоғамдық қарым-қатынастардың дамуы тереңдей түсіп, әсіресе ерекше атап өтуге тұратын - ақшалық-тауарлық байланыстартез өсті. К.Маркстің уақытында айтқанындай, алтынның «сезімдік заттық» мағынасынан өтіп, адамдар оның «абстрактылық» құдіретті қасиетін ашты. Алтынның ең құдіретті қасиеті - оны басқа заттарға теңеу мүмкіндігі. Әрине, алтынды қолға алып, оны көзбен көріп, салмағын байқап, тіске салып жұмсақтығын анықтауға, оны «сезімдік зат» ретінде қарауға әбден болады. Бірақ, сонымен қатар ой арқылы белгілі алтын көлемін төрт қойға, болмаса екі сиырға, жылқыға теңеуге де болады, яғни адамдар заттардың құнын анықтап, оларды бір-бірімен салыстыра алатын жағдайға көшеді. Мұның өзі адамдардың абстрактылық ойлау дәрежесін көтеріп,қоғамдық сананың пайда болуына әкеліп жеткізді.

Темір заманында болған үлкен өзгерістердің бірі - ол интеллигенцияның(іntеllеgеns - лат. сөзі, ақылды) дүниеге келуі.Яғни байлық көзін өсуінің негізінде дене еңбегінен арылып, өзінің өмірін толығынан ой еңбегіне арнаған адамдардың пайда болуы (дін қызметкерлері, өнердің әр түрімен айналысатындар, ойшылдар, тарихшылар т.с.с.)

Осы ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінуі ғылым мен өнердің өте тез дамуына, Дүниеге деген философиялық көзқарастың тууына өзінің зор әсерін тигізді. Тағы да К.Ясперсті тыңдасақ, «Адамның рухани оянған кезінде, басқа ғылымдардан бұрын философияпайда болады».

§ 2. Көне Қытай мәдениеті аясындағы философия

Өз уақытында Гегель айтқандай, Күннің өзі шығыстан шыққаннан кейін, біз де философияның тарихын Шығыс елдерінен бастаймыз.

Бірақ мұның өзі «Шығыстық» тұжырымға әкелмеуі керек. Жоғарыдағы көрсеткеніміздей, философия бір уақытта дүние жүзінің кемінде үш жерінде - Қытай, Үнді, Грецияда дүниеге келеді. Философияның мәселелері бір болғанымен, бұл үш цивилизация оларға үш түрлі жауап береді, ұқыпты оқырман оны оқыған кезде байқайды ғой деген үміттеміз.

Сол үш цивилизацияның бірі - ұлы Қытай елі. Ол - бүгінгі таңда заманның қойған Талабына сәйкес жақсы Жауап тауып, өте тез дамып келе жатқан ел. Ғалымдардың айтуына қарағанда, XXI ғасырдың отызыншы жылдарында Қытай дүние жүзіндегі ең дамыған елге, дүние жүзінің экономикалық орталығына айналмақ.

Қытай елінде болып жатқан жаңару үрдістері сол елдің терең түп-тамыры — 4-5 мың жылға кететін мәдениетімен, сол халықтың дүниетанымы мен дүниесезімі (менталитеті), философиясымен байланысты. Синологтардың (қытайтанушылар) айтуына қарағанда, Қытайдың моральдық философиясының негізгі қағидалары бүгінгі заманның талабына сай келіп, реформаларды жеделдетуге өзінің зор ықпалын тигізуде.

Ендеше сол халықтың тудырған философиясын зерттеп, өзімізге керек жақтарын ойымызға түйейік.

Қытай философиясына кіріспестен бұрын, бір-екі ауыз сөзді осы халықтың мифологиясына арнау керек, өйткені қай халық болмасын оның мәдениеті мен философиясының түп-тамыры, қайнар көзі сол көне аңыздарға барып тіреледі. Қытай аңыздарында Дүниенің жаратылуына көп көңіл бөлінген. «Алғашқы тұңғиықтың (хаостың) ішінде үлкен жұмыртқа пайда болып, оның ішінен дәу алғашқы адам - Пань-Гу шықты», - дейді Қытай мифологиясы. Содан кейін ол оң қолымен сермеп қалғанда, хаос қақ жарылып, жер мен аспан пайда болыпты. Әрі карай оның тынысы желге айналып, дауысынан күн күркірейді, бір көзінен күн туса, екіншісінен ай пайда болады, Дүниенің төрт бөлігі оның екі қолы мен екі аяғынан, өзендері оның қанынан, жаңбыр шыққан терінен пайда болыпты.

Қытай мифологиясында Дүниенің екі бастауы еркектік жағы - ян - ол жеңіл, ақшыл бөлшектерден, ал әйелдік жағы - инькерісінше, ауыр, караңғы түсті бөлшектерден тұрады. Олардың бір-бірімен әртүрлі өлшемде қосылуы бүкіл болмыстағы барлық заттар мен құбылыстарды құрайды.

Б.ғ.д. VI-V ғ.ғ. Қытай елінде мифологиялық дүниетанымнан философияға қөшу үрдістері басталады. Сонау көне заманнан бастап, Қытай философиясында үш негізгі ағым пайда болды. Олар: даосизм- бұл ағымды Қытайдың натурфилософиясы деуге болар еді. Екінші ағым - Конфуциандық- ол Қытай халқының моралдық философиясы, үшінші - Фа-цзя мектебі-ол Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы. Бұл ағымдар сонау көне заманда пайда болып, осы уақытқа шейін осы халықтың дүниетанымында елеулі орын алады.

Даосизм ағымы

Даосизм бағытының негізін қалаушы - Лао-Цзы(VI-V ғ.б.ғ.д.) «Даодецзин» деген кітапта бұл кісінің айтқан ойларын оның оқушылары мен ізбасарлары IV б.з.д. ғ.ғ. жинақтаған.

Даосизмнің онтологиялық (болмыс) мәселелері

Лао-Цзы философиясының негізгі ұғымы - Дао қытай тіліндегі көп сөздер сияқты, өзінің бойына әртүрлі мағына сіңірген ұғым.

Дао, бір жағынан, Дүниенің қайнар көзі, алғашқы негіз ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан ол - аспан заңдылықтары, бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты.

Дүниенің негізінде жатқан Даоны біз: «...мәңгілік, ол өзгермейді, бітімсіз, танылмайды», - дейміз. Оған қаншалықты мұқият қарағанмен, ол көрінбейді, зер қойып тыңдасақ - естілмейді, оған ат қояйық десек, қалай атарымызды білмейміз: оның аты жоқ. Ол - еш нәрсе, бейболмыс.Дао - бүкіл өмірге келетіннің терең қақпасы.

Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан алуан заттарға келер болсақ, олардың әрқайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар уақытпен шеңберленген, яғни бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып мәңгілікке кетеді.

Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы «Де» деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Де оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін кұрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптасады. Сондықтан бұл Дүниеде Даоны құрметтейді, «Дені» бағалайды.

Адам жерге бағынады, жер - аспанға, аспан - Даоға, Дао - өз-өзіне.

Дао – мәңгілік және аты жоқ-ты. Солай бола тұра, оны ешбір бұл Дүниедегі нәрсе өзіне бағындыра алмайды.

Теңізге әр жерден келіп құйылып жатқан кіші-үлкен өзендер сияқты, Дао өзінің бойына Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстарды сіңіріп, қайтадан өз бойынан оларды тудырып отырады.

Сонымен Бейболмыс - бірінші, нақтылы дүние, болмыс -екінші. Дүниедегі барлық заттар болмыстан шығады, ал болмыс бейболмыстан туады. Қазақстанның философ-ғалымы А.А.Хамидов атап көрсеткендей, «Шығыс философиясында бейболмысқа креативтік(сrеаtiо - лат сөзі, тудыру) күш беріледі. Сондықтан Батыстағы белгілі тұжырым –«Ex nihilo nigil fit»(жоқтан еш нәрсе тумайды) шығыс ой-пікіріне сәйкес келмейді.Шығыстың ой-пікірінен шығатын тұжырым –«Ex nihilo totum fit»(жоқтан барлығы пайда болады).

Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама-қарсылықтың бір-біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс-тұрысында, іс-әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады. «Сұлудың сұлулығы білінген кезде, түрсіздік те пайда болады. Жақсылықтың жақсылығы білінген уақытта жамандықта пайда болады... Сондықтан болмыс пен бейболмыс бірін-бірі тудырады, ұзын мен қысқаны бір-бірімен салыстырып қана білеміз, биік пен аласа бір-бірімен майысады, әртүрлі дыбыстар бір-біріне қосылып, гармония (һаrmоnіа - грек сөзі, үйлесімді) тудырады. «Қарама-қарсылыққа айналу даоның қозғалысы». «Мінді мінсіздікті сақтайды». Бұл бос сөз бе? Ол адамның жетілуінің жолын көрсететін қағида. Сондықтан қиындықтан өту үшін жеңілден бастау керек, ұлы нәрсе кішіден басталады, көп нәрсе аздан тұрады, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек... кім көп жинаса, соншалықты көп жоғалтады. Кім өлшемді сақтаса, сәтсіздікке ұшырамайды. Кім өз шегін білсе, қауіптен құтылады. Егер жеңілдікті іздесең, қиындықтар өз-өзінен пайда болады».

Даосизмнің жоғарыда көрсетілген нақыл сөздері өзінің терең даналығымен бізді таңғалдырады. Онда Дүниенің терең мәні, адамның өмір сүруіне қажетті қасиеттер көрсетілген. Тек оқыда, бойыңа тоқы.Аз күнде улылық дәрежеге көтерілем деп, беліңді шойыртып алма, күнбе-күн аз-аздап, шаршамай-талмай еңбек ет, сонда ғана белгілі нәтижелерге жетуге болады. Даосизмнің бұл нақыл сөздері жастарға, я болмаса қарапайым адамдарға ғана емес, біздің саяси және экономикалык элитаның кейбір өкілдеріне қандай керек десеңізші!!!

Даосизмдегі дүниетанымдық мәселелер

Даоны тану жолында сезімдік, іңкәрлік бізді оған ешқашанда жеткізбейді. Адам сезімдік жолмен тек қана шектелген нақты заттарды ғана тани алады. Сондықтан адам іңкәрліктен арылып, тыныштық жағдайға келгенде ғана Дүниеге тереңдей алады.

«Дүние әртүрлі заттардан тұрғанмен, олардың бәрі де гүлдейді де, соңынан тамырына қайтып оралады. Оны біз тыныштық дейміз, ол бізді мән-мағынаға жеткізеді, мән-мағына тұрақтылыққа әкеледі. Тұрақтылықты білген адам жетілудің шыңына жетеді. Жетілген адам іңкәрліктен айырылады, іңкәрліктен айырылған адам даоға жетеді. Даоға жеткен адам – мәңгілік. Даоны түсінген адам қауіптен құтылады».

Дүниетану жолындағы жасалған ұғымдарды сараптап, олардың біртекті мән-мағынасын анықтау қажеттігін даосизм асыра көрсетті. «Тәртіпті орнатқан кезде аттар қойылды. Заттардың аттары пайда болғаннан кейін, оларды шектеу қажет. Ол қателіктерден құтылдырады».

Өзіңді танысаң, басқаларды да білесің, Бір отбасынан басқалардың бәрін де тануға болады. «Бір елді танып білсең, бүкіл жер бетіндегі елдерді білгенің», - дейді даосизм.

Әсіресе жастарға ой салатын мынандай нақыл сөзбен аяқтайық: «Дана адам білімі бола тұра, оны көрсетпейді, надан адам білмесе де, білімді сияқты болып көрінгісі келеді».

Даосизмнің моральдық, әлеуметтік-саяси көзқарастары

Даосизмнің моральдық ілімі Кун-фу-Цзы іліміне қарама-қарсы. Конфуций адамдардың бір-біріне жақсылық жасау керектігі қағидасын сынға алып, олар оны «мен - саған, сен - мағанға» теңеп, «оның ешқандай моральдық мәні жоқ, тек қана пайда табушылыққа итереді» деген ойды айтады.

Даосизмнің этикалық идеалы - жақсылық жасауға ұмтылмау. Сондықтан ондай адам - ізгі адам. Мұндай идеяға оларды итерген өмірде көп кездесетін жақсылықтың жамандық болып оралуы болса керек. Сондықтан даостардың ізгі адамы еш нәрсе жасамай жеңіске жетеді. «Күреспей-ақ жеңіске жетеді», - дейді даостар.

Даосизмнің әлеуметтік-саяси көзқарастарына келетін болсақ, қоғам өмірінде адамдардың тәтті тамағы, жылы киімі, тұрақты үйі болса, онда олардың өмірі қуанышты. Сонда ғана көрші мемлекеттер бір-біріне алыстан карап, бір-бірінің әтештерінің шақыруын, иттерінің үруін тыңдап, өздерінің қартайып өлгендеріне шейін бір-біріне тимейтіндігін айтады.

Даосизм ілімі адамдарға білім беруге, оларды ағартуға қарсы, ал білімді адамдардың өзін іс-әрекет жасауға жібермеу керек деген пікір айтады. Өйткені әрекет жасамау, барлық заттардың өзінің мақсатына лайықты өзгеруіне, өзіне-өзі жеткілікті болуына әкеледі.

Ал енді басқару мәселесіне келетін болсақ, онда олардың пікірінше, «ең жақсы елбасын, яғни тек оның бар екенінғана халық біледі. Ал халық сүйетін және көтеретін елбасы - екінші дәрежеде. Содан кейін халықты қорқытып ұстайтын елбасы келеді. Егер халық елбасынан жиіркенсе - онда ол ең жаманы».

Даосизм елдің әділеттік аркылы басқарылатынын, соғыстың қулық арқылы жүретінін айтады. Елді басқару дәрежесіне көтерілу еш нәрсе жасамау арқылы болмақ (У.Вей заттың табиғи қалыптасуына тежеу жасамау).

Егер елбасы еш нәрсеге килікпесе, онда қоғам өмірінде тыныштық орнап, барлығы да өз орнымен келе береді. Егер үкімет тыныш болса, онда халықтың көңілі де жайлы. Бірақ үкімет неше түрлі іс-әрекетте болса, онда халық бақытсыздыққа ұшырайды.

Даостар үкімет басындағы адамдарды байлыққа, қымбат заттарға қызықпауға шақырады. Әсіресе тәкаппарлықтың зияндылығын аса көрсетеді. «Ең бақытсыздық - өз іңкәрінің шегін білмеуде, ең қауіптілік - асқан байлыққа жетуге ұмтылуда».

Даостар - соғысқа қарсы. Соғыста болған жеңісті мадақтау -адамдарды өлтіргенмен тең. Сондықтан ізгі басшы көршілермен тату тұруға, егер қайшылықтар пайда болса, оны бейбіт түрде жол беру арқылы шешу керектігін айтады. Сондықтан қашанда соғысты бірінші болып ашудан бас тартқан жөн деп есептейді.

Конфуций ілімі - Қытайдың моральдық философиясы

Конфуций (551-479 б.ғ.д.) - Қытай халқының ұлы ойшылы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізгі еңбегі - «Лунь-уй» (әңгімелер мен пікірлер).

Конфуций философиясында қойылған онтологиялық (болмыс) мәселелерге келер болсақ, ойшыл өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-өрістің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, «Лунь-уй» кітабында: «Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады? Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерге жатқызуға болмайды», -дейді ұлы ойшыл.

Моральдық мәселелер

Конфуцийдің адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы - оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде каралады.

Конфуций еңбектерінен біз «бес тұрақтылықты»(у-чан) табамыз. Олар: адамгершілік, адамды сүю(жень), әділеттілік(и), әдеттілік(ли), даналық,ақыл-оймен токулық (чжи), сенімділік(сань). Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.

Конфуций моральдың «алтын ережесін»алғаш көрсеткен деген пікір әдебиетте бар. Оқушы бұл кісіге: «Бір сөйлеммен сіздің моральдық іліміңізді бізге жеткізе аласыз ба?» - деген сұрақ койыпты, Оған ол: «Өзіңе тілемейтінді басқаға да жасама»,- деген екен.

Конфуций өзінің моральдық ілімінде «адамдардың өзаралықтығына» «алтын ортаңғылыққа», әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.

Біздің баса көрсеткіміз келетін «тұрақтылық» - ол «ли» (әдеттілік). Конфуцийдің айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлауы керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді.

Расында да, қазақ халқы бодан болған өзінің тарихында, әдет-ғұрпынан толықтай айырылып қала жаздады. Әсіресе кеңес заманында әдет-ғұрпын сыйлаған адамдарға «ұлтшылдық» таңба тағылып, қудаланған болатын. Сондықтан халықтың «мәңгүрттенуі» де көбінесе осыған байланысты болды.

Бүгінгі таңдағы жаңару үстінде біз өз мәдениетіміздің көп жағымен «қайтадан танысып» халықтық дәрежемізді көтерудеміз.

Конфуцийдің айтуына қарағанда, адамдарды екі түрге бөлуге болады. Олар: «ізгі адам» (цзюн-цзы) және «ұсақ адам» (сяо-жень).

«Ізгі адам» өз алдына үлкен талаптар қояды, ал «ұсақ адам» талапты басқалардың алдына қояды.

Ізгі адамға ұлкен істерді тапсыруға болады, ұсақ адамға сенуге болмайды. Ізгі адам басқа адамдармен тіл тауып, бірақ өмірде өз жолын іздейді. Ұсақ адам басқа адамдармен бірге болғанымен, ұрыс-керіс тудырады. Ізгі адам адамгершілік жолында өзінің өмірін қиюға дайын, ұсақ адам өзінің өмірін ит сияқты орда бітіреді.

Әлеуметтік-саяси көзқарастар

Конфуций өзінің әлеуметтік көзқарастарында әрбір топтың тарихи қалыптасуында өз орны болуы керектігі және олардың арасындағы қарым-қатынастары әдет-ғұрыптың негізінде ретке келіп отыруы керектігін көрсетті. «Елбасы әрқашанда ел басы орнында, қызметші - қызметші орнында, әке - әке орнында, ұл -ұлдың орнында», - болуы керек дейді ұлы ойшыл.

Сонау көне заманда Кун-фу-цзы заң мен моральдың арасын айқын ашып, өзінің таңдауын моральдық нормаларға, адамдарды зандардың талабын орындауға мәжбүр еткеннен гөрі, адамның сана-сезіміне ықпал жасап, керекті талаптың әділеттілігіне көзін жеткізу арқылы қоғамды басқарған ұтымды деген пікір айтты. «Егер адамдарды заңдардың негізінде жазалап, шектеп ұстасақ, онда олар қылмыс жасамауы мүмкін, бірақ олардың жүрегінде жаман қылықтарға деген жиіркеніш қалыптаспайды. Егер адамдарды моральдық талаптарға сай тәрбиелесек, онда олар өздерінің жаман қылықтары мен пиғылдарынан ұялып, шынайы дұрыс жолға түседі».

«Мемлекеттік істерді қалай жүргізуге болады?» - деген оқушыларының сұрағына Конфуций былайша жауап береді: «Азық-түлік молынан болуы керек, қару-жарақ та жеткілікті болып және қарапайым адамдардың үкімет басындағыларға сенімі болуы керек».

«Егер мемлекет басына күн туса, онда қайсысын құрбан етуге болады?», — деген келесі сұраққа ол былайша жауап береді: «қару-жарақты құрбан етуге болады. Ал тағы да құрбан етуге керек болса? Онда азық-түліктен бас тарту керек. Сонау көне заманнан осы уақытқа шейін адамдар аштықтан өледі. Бірақ халықтың жүрегінде үкіметке деген сенім азайса, онда ол мемлекет тұрақты болуы мүмкін емес». Бұл пікірді біздің қазіргі заманымызға таратып, реформаларға баға берсек, Қытай реформаларының алға басуы -халық пен үкімет басындағы адамдардың арасындағы берік сенімдіктің болуы. Халық саяси-экономикалық шешімдерді жұмыла іске асырады, ал басшылар өз халқына таза пиғылмен қызмет етеді.

Таным мәселелері

Конфуцийдің айтуыша, өздерінін табиғатына қарағанда адамдар бір-біріне өте ұқсас, бірақ өмірден алған дағды мен тәлім-тәрбие адамдарды әртүрлі қылады. Тек қана ең биік даналық пен ең шегіне жеткен ақымақтық тұрақты.

Конфуций білімді әртүрлі дәрежеге бөледі. «Ең биік білім -ол туа біткен білім. Одан төмен білім - игерілген, келесі қиындықтарды бастан кешіп алынған білім. Бірақ оңбаған адам басынан өткізген қиындықтардың өзінен сабақ алмайды», - деп өкінеді Конфуций.

Конфуций білімнің адам өміріне деген құндылығын жете көрсетті. «Барлық көргенің мен естігеніңді жүрегіңде сақта, қажымай-талмай оқудан тойынба, басқаларға біліміңді жеткізе біл», - деген нақыл сөздерді айтады. Конфуций ойынша, білім саласында ерекше моральдық тазалық керек. «Білгеніңді айт. Білмесең — білмеймін де. Тек осындай білімге деген көзқарас даналықты көрсетеді». Ойшылдың айтуына қарағанда, оқып-білудің өзі де өте қиын жұмыс, ол адамның дербес өзіндік оймен тоқуын талап етеді.

Конфуцийдің ілімін әрі қарай дамытқан Мен-Цзыболды.

«Егер тек қана окып, оқығанды ой елегінен өткізуге ұмтылмасақ, онда ол еш нәтиже бермейді. Ал күнбе-күнгі ой толғауы білім мен надандықты айырмайды. Аққан су сияқты, оған Батыс пен Шығыс бәрібір», - деген Конфуцийдің ойына қарсы шығып, Мен-Цзы «Аққан су Батыс пен Шығысты, расында да, айырмайды. Бірақ ол жоғарыға аға алмайды, тек кана төменге ағады. Сол сияқты адамдардың бәрі де жақсылыққа ұмтылады», -деп жауап береді.

Мен-Цзы адамдардың табиғи берілген басқа адамдарға деген аяныш, көңілін жұбату сезімі, ұяттық және ызалану сезімі, сыйлау және табыну сезімі, шындық және жалғандык сезімдері бар деген пікір айтады. «Осы сезімдердің негізінде адамды сүю, әділеттілік, тану-білу қабілеті қалыптасады. Ал жамандық адамның табиғатынан, ия болмаса Аспанның еркінен емес, өмірдегі тапшылықтан, аштық-жаналаштықтан пайда болады», деген пікір айтады.

Мен-Цзы айтқан мына нақыл сөзге көңіл аударайық.. «Мен өмірді бағалаймын, бірақ одан да қымбат - әділеттілік.Егер мен осы екеуін бірдей ұстай алмайтын жағдайда болсам, онда мен әділеттілікті таңдар едім».

Мен-Цзы Кун-фу-цзының адамды сүю принципін әрі қарай дамытуға көп көңіл бөледі. Біздің бүгінгі күннің ахуалына сай келетін мына нақыл сөздерді ойымызға тоқиық. «Құрметті Ван! Біз неге тек қана пайдажөнінде сөйлесеміз? Мен тек адамды сүюжәне парызжөнінде айтқым келеді. Егер Ван мемлекеттің пайдасы жөнінде айтса, онда құзыр иелері өзінің үйін қалай байыту керектігін ойлайды. Қалғандары өз пайдасын қалай табу керектігін ойлайды. Мұндай жағдайда жоғарыдағылар мен төмендегілердің арасында ұрыс-керіс басталып, мемлекетке қауіп төнеді. Егер борыштан гөрі пайда табу басым болса, адамдар бірінікін-бірі тартады».

Сондықтан өкімет басындағылар қандай болса, халық та сондай. «Басшылар жел сияқты, ал қарапайым халық шөпке ұқсайды. Қайда жел үрлесе, шөп сол жақка майысады», - дейді Мен-Цзы. II ғ. б.з.д. заманда ресми мемлекет дініне айналып, Кун-фу-цзы ілімінің негізгі кұндылықтары осы уақытқа дейін Қытай мемлекетінің идеологиясының негізінде жатыр.

Фа-Цзя көне Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы

Көне Қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы - ол фа-цзя мектебі(«фа» - заң). Бұл ағым, негізінен алғанда, конфуциандық ілімге қарсы бағытталған (әсіресе оның адам, мораль мәселелеріне)ілім.

Фа-Цзя мектебінің негізін қалаушы - Хань-Фэй-Цзы(280-233 б.ғ.д.). Ол өзінің болмыс ілімінде Даоны бүкіл дүниедегі барлық нәрселердің табиғи заңы ретінде карады: «Әрбір зат пен істің өзінің заңдары бар. Аспанның өз заңдылықтығы, ал адамдарды алатын болсақ, олардың өздерінің орнатқан заңдары бар».

Дао - жалғыз және бөлінбейді деген пікірдегі Хань-Фэй-Цзы сондықтан елбасы да тек өзіне ғана сенуі керектігін айтады. Даоның өзіне ұксас басқа ештеңе болмағаннан кейін, оны жалғыз дейміз. Сондықтан ақылды елбасы Даоның іске асқанын бағалайды. Әрі қарай елбасын Даоның қасиеттерімен салыстыра келе, оның қандай болу керектігін көрсетеді.

«Дао бос, қозғалмайды және жалғыздықта, сондықтан елбасы да бәрін өзінің ішінде терең сақтауы керек, адамдардың алдында ашылмағаны жөн. Елбасы даосын ешкім көрмеуі керек, ал оны қолдануды басқалар түсінбеуі керек», - деген пікір айтады.

«Фа-цзя» мектебінің ел басқару мәселелеріне келетін болсақ, олар адамның табиғатының өзімшілдігіненегіздеп, оны шешті. Мысалы, Хань-Фэй-Цзы, халық тек қана пайда мен жалақыны жақсы көреді де, жаза мен дарға асуды жек көреді. Ал оның бәрі елбасының қолында. Сондықтан елбасы қоғамда тәртіп орнатуы үшін, бәрін заң арқылы ретке келтіруі керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Қоғамда жаза көп, құрметтеу аз болса - жақсы. Қайсыбір заңды бұзушылық қатты жазалануы керек. «Бірақ кімнің заңды орындамағаны, бұзғанын қалай білуге болады?» - деген сұраққа фа-цзя мектебі өз айлаларын алға салады. Ол үшін адамдар өзара бір-бірін бақылап жүрулері керек. Оны қалай істеуге болады? Ол үшін адамдардың жүрегіне қорқыныш сезімінкіргізу керек. Заң бұзған адамды жазалағанда, оны халық алдында жасау керек. Сондай жағдайда адамдардың өздері-ақ бір-бірін көрсете бастайды.

Фа-цзя мектебі заң мен басқару өнерін бір-бірінен айырып қарайды. Заңды қалай шығарып орындату керектігін біз жоғарыда айтып кеттік. Ал басқару өнері ше?

Басқару өнері елбасының жүрегінде өте терең тығылған. Елбасының ойын оның жанындағы ешкім де білмей, сандалуы керек. Өйткені «Елбасының ізін аңдып, арыстандар жүр». Егер ол өзінің құпиялығын жоғалтса, онда арыстандар (жанында жүрген басқа лауазым иелері) оны жеп қояды.

Елбасы бәріне самарқаулықпен қарап, еш нәрсе жасамауы керек. Оның күші - ештеңені жасамауда. Сонда ғана ол өзінің жауларының пиғылын біледі.

Осы «Фа-цзя» мектебінін талаптарын үкіметтің саяси идеологиясына айналдырып, Қытай императоры Цинь-Ши-Хуан өз елінде аса қатыгез басқару жүйесін орнатқан болатын.

Сонымен Қытай халқы көбінесе моральдық жолмен тәрбиеленгенмен, «заңдық» басқарудың да барлық қиыншылықтарын өз басынан өткізді. Соңында моральдық тәрбиені заң жолымен қоғамдық қатынастарды ретке келтірумен ұштастырды.

Фа-цзя мектебінде ашылған саяси технологиялар (tесһnе -грек сөзі, өнер) мыңдаған жылдар өткеннен кейін, тоталитарлық диктаторлық тәртіптер орнаған жерлерде кеңінен пайдаланылды.

Мысалы, Сталиннің қудалауының негізінде миллиондаған адамдар оның құрбаны болды. Оны біз әрқашанда өз есімізде сақтаймыз. Сонымен бірге көп адамдар сол құрбандарды уақытында көрсеткен, соларды бір жағынан көре алмай, екінші жағынан, біреуді көрсетіп өзінің өмірін сақтап қалуға тырысқан миллиондаған адамдарды есімізден шығарып жібереміз. Ал бұл сұрқиялықтың өзі мемлекеттік репрессиялық машинаның совет адамдарының жүрегіне тіпті адамдық емес, «хайуандық қорқынышты» еңгізгендігінен болды. Сталиннің елді басқару технологиясында да өзінің «құпиялығын» сақтауы, өз жанындағы мемлекеттік қызметкерлердің арасына «алауыздықты», өзара сенбеушілікті енгізіп, олар жөніндегі ақпарат жинау т.с.с. бәрі де «барлық уақыт пен халықтардың көсемінің» «фа-цзя» философиясын жақсы игергенін көрсетеді.

Материалистік ағымдар

Әрине, Қытай философиясында материалистік ағымдар да болды. Мысалы, «ци» ұғымы Демокриттің «атом» ұғымымен тең, олар көзге көрінбейтін, әртүрлі салмақты ұсақ бөлшектер. Мысалы, Сюнь-цзы (298-238 б.ғ.д.) Қытайдың «аспанға» табынуы әдетіне қарсы шығып былай дейді: «Аспанға соқыр сенімдіктің негізінде табынғанша, заттарды көбейтіп, аспанды неге бағындырмаймыз? Біреу сұрады: Егер рух болмаса, онда Құдайға табынып сұрағаннан кейін неге жаңбыр жауды? Мұнда ешқандай таңғалатын нәрсе жоқ, өйткені жаңбыр Құдайға табынғанға дейін де, кейін де жауады» т.с.с.

Дегенмен Қытай философиясында идеалистік ағымдар басым болып, негізгі философиялық толғаулар адам мәселесіне, қоғамның әлеуметтік-саяси жақтарына, басқару жүйесіне, моральдық сұрақтарға арналды.

§ 3. Үнді мәдениет аясындағы философия

Үнді халқының, көрші Қытай елі сияқты, 4-5 мыңжылдық өркениеттік тарихы бар. Олай болса, оның өзіне тән ерекшеліктері біршама.

Үнді елінің ғажап ерекшелігі - оның әлеуметтік ұйымдастырылуында. Ондағы адамдар үлкен жабық әлеуметтік топтардан тұрады. Оны - варна,я болмаса кастадейді.

Негізінен алғанда, Үндістан қоғамында 4 каста тарихи пайда болды. Олар:

Брахмандар (ақтар); айналысатын істері - ой еңбегі, негізінен, діни қызметкерлер, ел басқарушылар.

Кшатрилер (қызылдар); айналысатын істері — жауынгерлік істер.

Вайшьилер (сарылар); еңбек етеін адамдар, негізінен, егін егу, мал бағу, қолөнермен айналысу т.с.с.

Шудралар (қаралар) - ең ауыр, кір жұмыстармен айналысатындар.

Тарихи алғы үш каста - б.ғ.д. 1500 жылдары Үнді еліне басқа жақтан келген арий тайпалары. Шудралар - жергілікті сол жерде пайда болған аборигендер болып есептеледі (аb огіgіnе - латын сөзі, басынан бастап).

Әрбір кастаның өзінің әдет-ғұрыптары және басқа касталармен қандай қатынаста болу керек жөніндегі ережелері бар. Үлкен касталардың өзі іштей әртүрлі топтарға бөлінеді.

Басқа жақтан келген адамдар бірде-бір кастаның ішіне кіре алмағаннан кейін, өзінше дербес каста болып қалыптаса бастайды.

Касталық қоғам қалай пайда болғаны, оған әкелген қандай себептердің болғаны белгісіз болса да, оның негізінде жатқан 3 принципті көрсетуге болады. Олар:

Әрбір кастаның ішкі тазалығы және басқалардың сол тазалықты бұзуы мүмкіншілігінен пайда болатын үрей, қорқыныш сезімі;

Касталық қоғамның пирамидальдық құрылымы. Әр каста өзінен төмен жатқан топтарға жоғарыдан қарап, өзінің қадірлігін сезінуге мүмкіндік алады.

Реинкарнация, яғни адамның жан дүниесінің келесі өмірде ауысып кету мүмкіндігі.

Әрбір адамның негізгі құндылығы сол өзі туып-өскен каста болғаннан кейін, индустар коғамның саяси өміріне, жерге, билікке онша көп мән бермеген. Үнді еліне жер ауып келген басқа халықтар ерекше каста болып, өзінің әдет-ғұрыптарын, тілін сақтауға жақсы мүмкіндік алып, сол коғамның ерекше құрамдас бөлігі ретінде жеңіл сіңісіп кетеді.

Үнді халқының тағы бір орасан-зор ерекшелігі - оның өте бай мифологиясында. Жер бетіндегі бірде-бір халықтың аңыздарын үнді аңыздарымен салыстыруға болмайды.

Үнді аңыздарында 3 мыңнан артық Құдай кейіптері суреттелген! Олар да адамдар сияқты сүйінеді, күйінеді, туады, қартаяды, соғысады, бір-біріне көмектеседі т.с.с.

Үнді мифологиясындағы негізгі Құдайлар мен негізгі ұғымдар:

Индра - найзағайдың, күн күркіреудің Құдайы;

Митра — күн Құдайы;

Варуна - аспан Құдайы;

Агни - от Құдайы;

Яма - өлім Құдайы;

Тапас - дене інкәрі, жылылық;

Рита - ғарыштағы тәртіп;

Пуруша - ғарыш адамы, рух, жан;

Карма - адамның тағдырын құрайтын жан-дүние;

Сансара - ғарыштағы қысылған, күйзелген жан-дүние әлемі;

Мокша - бүл дүниедегі азаптан құлылып, дүниежүзілік рухқа қосылуға мүмкіншілік алу;

Дхарма - заң мен әділет Құдайы.

Үнді мифологиясындағы негізгі кітаптар: Ригведа, Упанишада, Махабхарата, Бхагавадгита т.с.с.

Үнді космогониясына (Дүниенің пайда болуы) келер болсақ, онда ол Пуруша - ғарыш адамымен байланыстырылады. Құдайлар оны құрбандыққа шалып, оның денесінен бүкіл Дүние пайда болады.

«Пуруша неше бөлікке бөлінді? Оның аузы мен бөксесі, қолы мен аяғы не нәрсеге айналды? Оның аузы - Брахманға, қолы -кшатриге, бөксесі - вайшьиге, аяғы - шудраға айналды. Ай -ойынан, күн - көзінен, кіндігінен - кеңістік, тынысынан - жел, басынан - аспан, аяғынан - жер. Осылай Дүние келді», - дейді Ригведа.

Ал Упанишадаға келер болсақ, Дүниені жаратқан Брахман болып саналады. «Брахман - ең бірінші Құдай, бәрін жаратқан, бәрін сақтайды. Ол - Дүниенің ең басы, себебі байланыстырушы». Оны қалай танып-білуге болады? деген сұраққа, «нети-нети» (ол емес) деген жауап береді. «ол танылмайды, бұзылмайды, байланбайды, ауыспайды ...»

Үнді мифологиясында адам - табиғаттың өсімдіктер мен жануарлар сияқты ажырамас бөлігі ретінде каралады. Адам дене мен жаннан тұрады. Адам Дүниеге келгенде оның бойына жан келіп кіреді және ол сол адамның кармасын анықтайды. Мысалы, егер сәбидің денесіне қылмыскердің жан дүниесі ұяласа, онда ол өсе келе қылмысқа баруы мүмкін. Бірақ ол өзін дұрыс ұстап, әрқашанда өзінің рухани тазалығын сақтаса, мокшаға (құтылу) - сансарадан құтылу дәрежесіне көтеріліп, бұрынғы кармасынан айырылып, аспандағы рухқа қосылып, мәңгілікке жетуі мүмкін.

Мифологиядағы моральдық мәселелерге келер болсақ, онда Дүниеге байланбау, кемдерге көмектесу, еш нәрсені зәбірлемеу, өтірік айтпау сияқты талаптарға көп көңіл бөлінген. «Адам байлыққа қуанбауы керек: біз байлыққа ие бола аламыз ба, егер сені көрсек - Яма!» (Яма - өлім Құдайы).

«Менің білетінім - байлықта тұрақтылық жоқ, өйткені мәңгілікке уақытшамен жетуге болмайды» деген дана сөздерді Үнді мифологиясында табуға болады.

Үнді мифологиясының негізгі қағидалары соңынан пайда болған философиялық көзқарастарға өзінің зор әсерін тигізді.





Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

+ 4 = 10